21-02-2025

Алматы әуежайы жаңғыртылады

Алматы халықаралық әуежайын (АХӘ) дамытуға жүздеген миллион доллар жұмсау жоспарланып отыр. Бұл туралы LS-ке әуе айлағының басшысы Гөкер Көсе хабарлады.

Үкімет сағаты барысында ол 2029 жылға дейін 363 миллион доллар инвестиция салу көзделгенін баяндады. Бұл қаражаттың есебінен негізгі ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) қайта жаңартылады. Сондай-ақ, жаңа автотұрақ салынады. Бұдан бөлек, ұйым қызметкерлерінің еңбекақысын қайта есептеу және басқа да жұмыстар жүргізіледі.

Биылғы жылы ескі терминалды қайта құру жұмыстары басталады. Сонымен қатар ұшақтарға қызмет көрсету жылдамдығы мен тиімділігін арттыру үшін оң жақтағы параллельді рульдеу жолағы салынады. Кейін сол жақтағы ұшу-қону жолағы толық жаңартылатын болады.

Келесі кезеңде, 2032 жылға дейін, жолаушылар терминалдарын кеңейтуге, әуе инфрақұрылымын салуға және басқа да жұмыстарға $230 млн бөлу жоспарланған.

2037 жылға дейін тағы $270 миллион қажет болады. Бұл қаражат терминалды кеңейтуге, қосалқы ұшу-қону жолағын қайта құруға, ангарлар мен жанармай қоймаларын салуға жұмсалады.

Үш кезең бойынша инвестициялардың жалпы көлемі $853 млн-ға жетеді.

Сонымен қатар елдегі жүк тасымалының 70%-ы АХӘ-ға тиесілі болғандықтан, осы бағыттағы мүмкіндіктерді арттыру жұмыстары да жүзеге асырылады.

Нәтижесінде әуежай жылына 40 млн жолаушыны қабылдай алатын болады. Әуе айлағында үшінші ұшу-қону жолағы пайда болып, мультимодальды жүк хабы дамытылады.

"Алдағы 25 жылда жолаушылар тасымалының көлемі үш есе артады деп жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа қарай АХӘ ірі авиациялық хабқа айналады", – деді Г. Көсе.

Г. Көсе 2021 жылдың тамыз айынан бері әуежайды жаңғыртуға $260 млн инвестиция салынғанын еске салды. Оның ішінде жаңа халықаралық терминалдың құрылысы да бар. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті жылына 3,2 млн-нан 14 млн адамға дейін артты. Қазіргі уақытта жолаушылар ағыны 11 млн асты, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерден екі есе жоғары. Оның айтуынша, бұл Алматы әуежайын Орталық Азиядағы ең қарқынды жұмыс істейтін әуе айлағына айналдырды.

Бұған дейін, үкімет алты әуе айлағы базасында әуехабтарды дамыту жоспарын жариялаған болатын.