Астанада жеделсаты ішінде бес жасар балаға жасөспірім пышақ жұмсаған
Оқиғаны тергеу барысында кәмелетке толмаған психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды.
Бұл ақпаратты Zakon.kz сайтына елордалық полиция департаменті растады.
"Оқиғаны тергеу барысында психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Олар заңнамаға сәйкес тәрбие міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатын болады", – деді полициядан.
Сондай-ақ, құзырлы ведомство зардап шеккен баланың ауруханаға жатқызылғанын, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Шабуылдаушы жасөспірім қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін бірден белгіленген тәртіппен оқшауланады", — дейді полициядағылар.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінде бірнеше жарақаты бар баланы жедел жәрдем бригадасы №2 Көп салалы қалалық балалар ауруханасына жеткізгенін айтты.
"Баланы кезекші травматолог және жақ-бет хирургы қарады. Баланың жалпы жағдайы ауыр. Ол жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды", — дейді басқармадағылар.
Сурет: Polisia.kz